«Ертіс орманы» резерваты атынан сіздерді табиғаттың жаңаруының, үйлесім мен жаңа өмірдің бастауы саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің резерват үшін бұл мерекенің орны ерекше. Көктем табиғатты оятып, орманға жан бітіріп, үміт пен шабыт сыйлайды. Бұл – қоршаған ортаға ұқыпты қарап, табиғи байлықты сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізудің маңыздылығын терең сезінетін кезең. Наурыз әр шаңыраққа жылулық, қуаныш, береке мен бірлік әкелсін! Сіздерге зор денсаулық, бейбіт өмір, шабыт пен жаңа жетістіктер тілеймін! Табиғатымыз гүлдене берсін, ал экология игілігі үшін жасалатын игі істер баршамызға ортақ дәстүрге айналсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» Республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры - С.М.Елемесов
Ормандар — планетамыздың баға жетпес байлығы және экожүйенің маңызды бөлігі. Олар өмірлік маңызды қызметтер атқарады: ауаны тазартады, климатты реттейді, биоәртүрлілікті сақтайды және көптеген жануарлар мен өсімдіктерге баспана болады. Сонымен қатар, ормандар адамның өмір сүруі мен экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуде шешуші рөл ойнайды. Қазіргі экологиялық қиындықтар жағдайында орман ресурстарына қамқорлықпен қарау, олардың жойылуын болдырмау және табиғатты қалпына келтіру жұмыстарында белсенді қатысу аса маңызды. Ертіс орманы» МОТР РММ күнделікті орман қорларын қорғау, сақтау және қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарады. Мамандар өртке қарсы іс-шаралар жүргізеді, ормандарды қайта егеді, экологиялық акциялар мен ағарту жұмыстарын ұйымдастырады, халықтың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастырады. Халықаралық ормандар күні әрқайсымызға ормандарды сақтау — ортақ міндет екендігін еске салады. Тек бірлескен күш-жігермен біз жас ұрпаққа жасыл және салауатты мұра қалдыра аламыз. Ормандарды сақтайық — еліміздің байлығы!